НОВОСТИ

18 Марта 2019

Баспасөз баяны

Атауы: «Інжу-Маржан» дәстүрлі музыка кеші

Өтетін орны: «Алатау» дәстүрлі өнер театры

Өтетін уақыты: 20 наурыз, сағат: 18.00

 

   Ұлт тұтастығының ең үлкен белгісі – рух тұтастығы. Ұлтты ұйыстыру, рухани ұстынды тіктеу жолында соңғы уақыттары Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында елімізде бірқатар шаралар жүзеге асты. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында, 20 наурыз күні өтетін «Інжу-Маржан» атты дәстүрлі музыка кеші де «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы ауқымында айқындалған міндеттерді, атап айтқанда, байырғы музыкалық мұраны байыптау, саралау, көпшілік қауымға кеңінен танымал ету, дәстүрлі өнер өкілдерін ынталандыру, құрмет көрсету сияқты шараларды атқаруға арналады.

Концерт төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруды көздейді:

  • қазақ классикалық дәстүрлі музыкасына, музыкалық фольклорға жүйелі түрде қамқорлық жасау ісін ұйымдастыруға мұрындық болу;
  • қазақ этномузыкасының дәстүрлі профессионализм типіндегі классикалық өнер екендігін жан-жақты дәйектеу;
  • дәстүрлі музыканы қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан ең үлкен үлесі ретінде кеңінен насихаттау;
  • дәстүрлі музыка өкілдерін түгендеп, ынталандырып отыру;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдағы, жалпы мәдениеттегі әрқилы топтардың дәстүрлі музыкаға деген ықыласын ояту, мұның мемлекеттік маңызы бар игі іс екендігіне ден қойдыру;

Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Сол себепті де Алматы - «Інжу-Маржан» дәстүрлі музыка концертін өткізуге толық мүмкіндігі бар қала.

Концертке Алматы қаласындағы өнер өкілдері, шәкірттер, сондай-ақ Қазақстанның басқа да аймақтарынан өнер иелері қатысады.

Концертке Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісов, Жәкен Омаров, Ерболат Шалдыбеков, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Сәулежан Тағзия және т.б. белгілі дәстүрлі өнер шеберлері мен «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблі қатысады.

Концерт дәстүрлі музыкамызды қастерлейтін көрермен үшін ақысыз, тегін өтеді.

другие НОВОСТИ