НОВОСТИ

04 Сентября 2017

«ДОМБРА АКАН СЕРЫ НА СЦЕНЕ МУЗЕЯ» Торжественное мероприятие

2017 жылы қыркүйек айының 6 жұлдызында, сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында өтетін – «Ақан сері домбырасы музей сахнасында!» атты іс-шараны тамашалауға шақырамыз.

Мақсаты: ұлы тұлғаларымыз бен асыл өнерімізді насихаттау арқылы ұлт руханиятын жаңғырту.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің «Алтын ғасыры» аталған кезең, ХІХ ғасыр – халқымыздың арасынан небір өнер майталмандарын дүниеге келтірді. Ұлт руханиятын жасаушы әнші, күйші, композиторлар мен жыршы-жыраулар соңында өшпес мол мұра қалдырды. Әсіресе, сол кезеңде ерекше шырқау шегіне жетіп дамыған – сал-серілік өнерді тудырушы, аты қазаққа мәшһүр Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай т.б. сынды тұлғалар екені белгілі. Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деген болатын. Бұл бағытта ұлт пен ұрпақ үшін көтерілген маңызды мәселелерді іске асыру мақсатында, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, ұлттық өнерді жасаушы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбітуде. Осыған орай, ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ өнерін биік шыңға көтеріп соңында өшпес із қалдырған, Арқа сал-серілік өнері дегенде есімдері бірінші болып аталатын – Ақан сері мен Біржан сал болса, ғасыр асып Ақан серінің қолына ұстаған қара домбырасы музей қорына алынды.

Ақан сері – қазақтың ән өнерінде қайталанбас тұлға. Оның әндері қазіргі уақытта дәстүрлі ән өнерінде ерекше құбылыс болып отыр. Музейіміздің ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде түскен Ақан серінің домбырасын кезінде Сәкен Жүнісов оның туыстарынан алған. Сәкен Сері, Ақан сері туралы II том роман жазып, оның өмірі мен шығармашылығын түбегейлі зерттеген болатын. Бүгінде тарихы терең Ақанның домбырасы тек музей құндылығы ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақ халқының мәдениетінде алатын орны ерекше.

«Ақан сері домбырасы музей сахнасында!» атты салтанатты іс-шараға дәстүрлі өнер өкілдері шақырылады.

 

 

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24А.

Анықтама телефондары: 8 (727) 291-69-17; 291-63-16

Музей сайты: www.yqlasmusmuseum.kz

E-mail: imeniykhlasa@mail.ru

Facebook: Музей народных музыкальных инструментов им.Ыхласа

другие НОВОСТИ