Жаңалықтар

22 Февраля 2020

Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «АБАЙДАН АМАНАТ» эссе-кеші

26 ақпан күні сағат 17.00 Республика сарайында Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына арналған «Абайдан аманат»  ұлы жыр мен ғажайып музыка кеші өтеді. Кештің басты мақсаты Абай әлеміне поэзия, музыка, хореография аралас өрілетін эпизодтар арқылы көрермендермен бірге ену.

Аталған мерекелік шара ұлы Абайдың сөздерімен аталып, Абайлық ұғымдарға арналған эпизодтан тұратын «Дүние есігі» деп аталатын прологтан басталады.

Арнайы музыкамен, бейнекөріністермен, дыбыстық эффектілермен  астасқан эпизодтарда Абайдың жыл мезгілдерін жырлаған өлеңдеріне («Күз», «Қыс», «Жазғытұры») арналған беташар эпизоды ұсынылады. Кеш көрермендерді жүрегі махаббат пен сенімге толы ақын әлеміне жетелейтін толқынысты әсем шоуға ұласады. Бұл поэтикалық-музыкалық, хореографиялық қойылым  көрерменнің ақын поэзиясындағы қайшылықтар мен тазалықты, қуаныш пен мұңды сезінуіне көмектеседі.

Кеште Абайдың осы уақытқа дейін тек домбыра сүйемелімен орындалып келген «Сегіз аяқ» әнін Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали, Тілек Базаров сияқты әншілер эстрадалық-симфониялық оркестр жебеуімен орындайды. Эссе-кеште ақын өміріндегі ауыр кезең де, Абайға деген  соққының  әлі де жалғасып келе жатқаны да тыс қалмайды. Сонымен қатар,  көрерменмен интерактивті байланысқа да көңіл бөлінген.

«Абайдан аманат» қойылымында жұртшылыққа бұрыннан мәлім әндер басқаша әрленіп, тосын тыныс, жаңа бояумен естіледі. Мәселен, барша қазақ айтатын «Көзімнің қарасы» әнінің Абай көңілінде түзілген түпнұсқа әуені қандай еді? «Желсіз түнде жарық ай» әнінің не құпиясы бар? Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш балладаның авторы Абай екені де осы кеште нақтыланып, баллада желісімен қойылған хореографиялық миниатюра көрермен назарына ұсынылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиында «Бүгін – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын  білдіруге жиналып отыр» - деген еді. 

Содан бері ширек ғасыр өтті. Тарих үшін қас қағымдай осы кезеңде қазақ елі әлем таныған, танып қана қоймай, мойындаған, еңсесі биік, терезесі тең, сенімді серіктес ретінде құрметтеген іргелі мемлекетке айналды. Абай айнымай ту еткен әділетке сендік, елімізге сендік, өзімізге сендік.

Уақыт өтеді. Заман өзгереді, адам өзгереді, қоғам өзгереді. «Абайдан аманат» кешінің көрерменге айтар ойы да – осы. Ескірмейтін, өзгермейтін - Абай сөзі, Абай әуезі.

Кешке арналған шақыру билеттерін Республика сарайының кассасынан алуға болады.

другие Жаңалықтар