Жаңалықтар

19 Апреля 2019

18 сәуір – Халықаралық Ескерткішер мен тарихи орындарды қорғау күні!

Бүгін осы айтулы күнге орай Алматы қаласы мәдениет басқармасы мен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі аумағында «Боралдай – тарих куәгері» атты тарихи-танымдық, мәдени-спорттық іс-шара болып өтті.

Мерекелік шара «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Сәулежан Тақзияның орындауындағы Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым ай» әнімен ашылды. Іс-шара барысында қонақтар Алматы қаласы аумағындағы ескерткіштер туралы толық мағлұмат алып, қызықты викторинаға қатысты.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Алатау серілері» тобы, №156 жалпы білім беретін мектептің «Әуен» тобы сынды өнер майталмандарының мерекелік әндері мен мың бұралған «Шейнан» тобының әсем билері ешкімді де бей-жай қалдырмағаны анық.

 Осы кезде мерекелік алаңның келесі бір бұрышында спорттық жарыстар қызып жатты. Кір көтеру, арқан тарту, қол күресінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер лайықты марапат пен көрермен ықыласына бөленді.

 Ат ерттеу, ат әбзелдері туралы шеберлік сағатын өткізген Алматы музейінің аға ғылыми қызметкері Алмат Нұрғалиев жастарға мол мағлұмат берді. Ауыздығымен алысқан тұлпарларға мініп, шашасына шаң жұқтырмайтын дүлдүлдердің жалына жабысқан шабандоздарға ұқсап баққан жасөспірімдер аяғын үзеңгіге салып, өздерін кешегінің батырларынша сезінді.

Ал арнайы орнатылған қазан-ошақ басында Алматы музейінің қызметкерлері  бауырсақ пісіріп жатты. Сол бойда қыз-жігіттер келген қонақтарға буы бұрқыраған қызыл бауырсақ ұсынды.

Шара соңында археологиялық парк аумағында жасыл желек көшеттер егілді. 150 жас тал сақ қорғандары аумағында жайқалып тұрды.

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының, Алатау ауданының әкімдігі, «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелерінің көмегімен өткен абаттандыру шарасы – еліміздегі барлық тарихи ескерткіштері маңында атқарылатын игі бастама болса – нұр үстіне нұр болары сөзсіз!

 

 

 

 

другие Жаңалықтар