Жаңалықтар

08 Ноября 2018

Мерейтойлық V маусымның алғашқы премьерасы «Астана Балет» театрында өтті

«Астана Балет» театрының PR қызметі

e-mail: pr@astanaballet.kz

+7 7172 62 12 83, +7 701 777 39 00

Мерейтойлық V маусымның алғашқы премьерасы «Астана Балет» театрында өтті

Өткен демалыс күндері, яғни, қарашаның екісі мен үшінде елордалық театр сахнасы қайта «тірілді» деуге тұрарлық еді. АҚШ-тың әйгілі хореографы Николо Фонтенің жетекшілігімен он биші сахнаға «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары» («Love’s Lost Idols») атты жаңа неоклассикалық балетті өз көрерменіне тарту етті. Фонтенің бұл туындысы италиялық композитор Эцио Боссоның музыкасына қойылған.

Сан қырлы, көркем, кейде тіпті, экспрессиясы басым би тілінің арқасында, балетмейстер көрерменге: «Дәл қазір, дәл осы сәтте өмір сүріңіз! Өткінші өмірдің бір-ақ сәті болады. Ал, Сіздерге бар керегі – қам-қарекет етуге құлшыну», - деп тұрғандай. Жарты сағаттың ішінде балет әртістері, күн сайын әрқайсымызды мазалайтын: «Бұл дүниеде бәрі өткінші екенін біле тұра, қалай ғана ғашық болып, әлденені іш тартамыз?» - деген сұрақтың жауабын берген тәрізді. Спектакль аяқталған соң, көрермен қошеметін білдіріп, тіпті, мұндай би салтанатының жалғасуын талап еткендей әсер қалдырды.

«Репертуарымыз тың хореографиялық туындымен толысқанына қуаныштымыз. Меніңше, Эцио Боссоның ғажайып музыкасы бар салмақты көтеріп тұрған тәрізді. Балет солисттерінің қимылдары – монологтар мен диалогтардағы ішінен ақтарылған ішкі мұңы, назы, қиялы, сыры. Хореографтың ойы мен көңілімізге қондырмақ болған өз тұжырымдарын осыдан аңғаруға болады. Меніңше, бұл – адамзат баласына сый ретінде дарыған махаббат сезімінің өз ішіндегі қайшылықтары жайлы хореографтың ой-толғамдары», - дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

«Астана Балет» театрының шақырылған хореографы Рикардо Амаранте Николо Фонтемен Еуропада әлденеше рет бірлесіп жұмыс істегенін айта келіп, оның туындыларына деген көрермен қошеметіне куә болғанын айтады.

«Әдетте, оның спектакльдерінен кейін, компанияның айы оңынан туып жатады. Себебі, ол әртістерге өзін-өзі қамшылап, шыңдала түсуді, еңбек етіп, үнемі үйренуден жалықпауға шақырады. Шақырып ғана қоймай, солай істеуге мәжбүр етеді», - дейді ол, әріптесі жайлы.

Труппаның балетмейстермен алғашқы кездесуі театрдың Нью-Йоркте өткен былтырғы гастролі кезінде болған. Ұжымның бағдарламасын тамашалаған соң, Фонте театрдың кәсіби деңгейіне тәнті болып, бишілердің ішкі қуаты мол, келбеті сымбатты екенін тіліне тиек еткені бар. Кейін, елордалық театрға арнайы әзірленген бірегей туынды жасау туралы келісімге қол жеткізілді. Мұндай құрмет екінің біріне бұйырмайтынын атап өткеніміз абзал.

«Николо Фонтемен жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадық. Ол дегенін істетіп ғана қоймай, біздің ойымызды да сұрап отыратын. Музыка ырғағына тербеліп, ішкі түйсігіміз қандай қимыл жасау керегін талап етіп тұғанына дейін сұрайтын. Айталық, «дәл осы әуенге қалай қимылдар едіңдер?», деген тәрізді. Бұл – бәріміз үйренген классикалық қимылдар емес. Басқа, сәл қисыңқы, ебедейсіздеу көрінер қимылдар. Мүсінге ұқсас келеді. Мұның да өз кереметі бар. Бұл қойылымда өзіңді мүлдем басқа қырыңнан, басқа бейнеде көресің. Тәнің музыкамен үндесіп, бұған дейін үйреншікті көрініп кеткен қимылдардан бөлек, тіпті, ішкі мазмұны да өзгеріп кеткен қимыл-қозғалыстар жасайсың. Хореографтың жеткізгісі келген ойын сахнада барынша жеткізуге тырыстық», - деді, театрдың жетекші солисті Татьяна Тен.

Бұған дейін Николо Фонтенің өзі айтпақшы, Эцио Боссоның музыкасы «болар-болмас» қараңғылыққа ие. Дегенмен, ішкі сәулесі бар. Тап бір қабырғаның жарығынан сыртқа атылған шам жарығы іспетті.

Театрымыздың жетекші солисті Айжан Мұқатованың айтуынша спектакльдің күрделі хореографиясына қарамастан, америкалық хореографпен жұмыс істеу өте қызықты болған. 

«Ол эмоционалды балетмейстер. Бәрін өзі көрсетеді. Түсіндірген кезде де, көкейіңе қонатындай етіп жеткізеді. Ол әртістермен тез тіл табысып кетті», - деді ол, жаңа спектакльдің дайындығы басталып кеткенін білдіріп.

Николо Фонтенің «Махаббаттың ғайып болған дарабоздары» («Love’s Lost Idols») балетінен бөлек, көрермен назарына Джордж Баланчиннің Петр Чайковскийдің ішекті аспаптар оркестріне арнап шығарған «Серенада» музыкасына қойылған «Серенада» атты бір актілі балеті тарту етілді.

Баланчиннің Америкада қойған бұл балеті неоклассикалық хореографияның шыңы саналады. Техникалық, музыкалық және стильдік тұрғыдан алғанда «Серенада» ғажайып әрі мәңгі өлмес өнермен қауышқан көрерменді ерекше эмоционалды күйге бөлейді.

«Бұл спектакльде бишілер ғажайып музыканың ырғағына билейді. Бар болғаны осы. Қаласаңыз, бұл спектакльдің сюжеті – серенада музыкасы, тіпті, ай астындағы би дер едім», - деуші еді осы туынды авторының өзі.

«Астана Балет» театрындағы премьерасы 2017 жылдың 25-мамырында өтті. Балеттің өзі Джордж Баланчин қорымен бірлесіп шығарылған болатын.

Елордалық театр сахнасындағы келесі премьера – «Бейбарыс» болуы ықтимал. Бұл туындының қойылымына театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахри кірісіп кетті.

«Бұл екі көріністі спектакль болмақ. Сюжеті берік. Мұны эксперимент деуге де болар. Яғни, мұнда көркемдік және сахналық шешімдер тең дәрежеде қолданылады. Сірә, бұл «кинобалет» болар. Біздің өзіміз үшін де бұл мол тәжірибе болмақ. Негізгі мақсат – құл болып жүріп, ел басқарған әміршіге дейін көтерілген тұлға жайлы би тілімен баяндау. Көрерменіміз сол бағзы өткен заманға бір оралғандай сезінсе екен дейміз, өзін», - деп атап өтті ол.

Театрдың баспасөз қызметі «Бейбарс» спектаклінің премьерасы қашан өтетіні әзірше белгісіз екенін ескертті.

  

другие Жаңалықтар