Жаңалықтар

19 Апреля 2018

Күй кеші - баспасөз баяны

Түркі тектес байырғы көшпенділер жасаған өзгеше бітімді өркениеттің тікелей мұрагері, өткен ғасырдың басына дейін, негізінен, көшпенділік өмір салтын ұстанған, кейін тіршілік ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы – сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы.

Күй – халқымыздың сол ұланғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі.

«Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этномузыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты психо-эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы іспетті айқын психологизм тән екендігін аңғарамыз. Әлбетте, бұл күй жанрының өзге сипатын: баяндаушылық, суреттеушілік, кейіптеушілік қасиетін жоққа шығармаса керек. Жинақтай айтқанда, күй – құрылымы жағынан шағын болғанмен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса.

23 сәуір күні, сағат 18:00-де Алматы қалалық Мәдениет және құжаттар басқармасының ұйымдастыруымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Мәңгілік сарын» күй кеші өтеді.

Күй кешіне белгілі дәулескер күйшілер Сержан Шәкіратов, Абдулхамит Райымбергенов, Әділбек Атығаев, Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Мұқаш Таңғытұлы, Талғат Мұқыш, Мұрат Әбуғазы, Нұркен Әшіров, Батыржан Мықтыбаев, Ерболат Мұстафаев, Сәуле Қаниева, Ардаби Мәулітұлы және «Сазген сазы» этнографиялық – фольклорлық ансамблі қатысады

Концерт күйді қастерлейтін көрермен үшін ақысыз, тегін өтеді.

другие Жаңалықтар